Премьер-министрдің сөзі доллардың қымбаттауына әсер етті ме — Роман Склярдың жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің теңге бағамы мен мұнай бағасы туралы мәлімдемесінен кейін доллар күрт қымбаттады деген сындарға жауап берді.

— Премьер-министрдің сөзі доллар бағамының өсуіне түрткі болды деп байланыстыру кем дегенде байыпты пайым емес, — деді ол БАҚ өкілінің сұрағына берген жауапта.
Бірінші вице-премьер өз болжамын да айтты.
— Доллар бағамының қанша болатыны туралы менің пікіріме келсек, Ұлттық банк билік иерархиясындағы жеке дара құрылым екенін түсінуіңіз керек. Ол Үкіметке бағынбайды. Ақша-несие саясатын қалай жүргізу керек деп есептесе, солай жүргізеді. Ол саясаттары дұрыс па, теріс пе деген сұрақ төңірегінде ұзақ дауласуға болады. Ал менің және менің әріптестерімнің болжамы доллар бағамы бәрі бір қайта түседі дегенге саяды. Қазіргідей жоғары болмайды. Теңге бағамының тұрақтанған сәтін бұған дейін де талай көрдік. Ұлттық банк ол үшін бәрін істейді, нарық өзі-ақ реттейді деп ойлаймын, — деді Роман Скляр.
Еске салсақ, Олжас Бектенов Қазақстан дамуының базалық сценариі бойынша доллар бағамы 540 теңге, бір баррель мұнайдың бағасы 60 доллар деп белгіленгенін айтқан еді.