Премьера: Алматыда Жошы ұлысы жайлы «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы қойылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 29-30 қараша және 1 желтоқсан күндері Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Хан Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклін қойылады.

Хан Сұлтан. Алтын Орда
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Екі бөлімнен тұратын тарихи драманың композиторы – Хамит Шаңғалиев, қоюшы режиссер - итальяндық Давиде Ливермор. Танымал жас қаламгер Алмас Нүсіптің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» драмалық шығармасының желісімен жазылған либреттоның авторы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев. Идея авторы - Абай атындағы Қазақтың ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова.

Хан Сұлтан. Алтын Орда
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

- Осы операны алғаш режиссерге ұсынғанда тарихын тереңнен тартқан Жошы ұлысын, бай салт-дәстүрімізді, халқымызға тән қасиеттерді, адами құндылықтарды баса көрсетуді ұсындым. Мысалы, Хан Сұлтан сонау Шыңғыс хан билеп-төстеген заманда Ұлы дала қызына тән батылдығымен, еркіндігімен, Ресей князьдарымен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізген қабілетімен тарихта қалған. Осындай түркі әлемінің аналарын бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін біз Ұлы даланың қайсар қыздарын сахналауды жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын, - деді Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Айнұр Көпбасарова.

«Хан Сұлтан.Алтын Орда» операсына арнайы 173 сахналық киім тігілген. Солистер, оркестр, хор, балет топтары және өзге қатысушыларды қосқанда 300-ге жуық өнерпаздар сахнада бас қосады.

- Бұл операны тамашалауға келген көрермен қазақтың үнін естиді. Мен қойылымға қанымда бар қазақылығымды қостым. Себебі жазып жатқан кезде классикалық қатып қалған қағидаттарға неге өзгеріс енгізбеске деген ой келді. Әрине, сарапшылар тарапынан сын айтылуы мүмкін. Бірақ ол да керек нәрсе, мен одан үлкен сабақ аламын, - деді композитор Хамит Шаңғалиев.

Айта кеткен жөн, операның бас кейіпкері Хан Сұлтан – Жошы ұлысының негізін қалаушы Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орданың билеушілерінің бірі- Берке ханның анасы. Қойылым авторларының айтуынша, опера Шыңғыс ханның мұсылман әлемінің үлкен мәдениет ошағы, түркілердің құрған үлкен саяси бірлестігі Хорезмшах мемлекетін жаулау кезеңінен басталып, Алтын Орданың алғаш қалыптаса бастаған кезімен аяқталады.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Абай атындағы опера және балет театрын сынға алғанын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар