Президент AD Ports Group басшысымен көлік-транзит ынтымақтастығын талқылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы алаңында AD Ports Group басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент AD Ports Group басшысымен көлік-транзит ынтымақтастығын талқылады
Фото: Ақорда

Президент AD Ports Group бүгінде теңіз арқылы тасымалдау және порт инфрақұрылымын дамыту саласында әлемдегі жетекші операторлардың бірі ретінде танылғанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында Орта дәлізді дамыту аясында Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Брюссельге жасаған ресми сапары аясында Еуропалық Одақ басшылығы мен еуропалық іскерлік қоғамдастық өкілдері Транскаспий халықаралық көлік бағытын Азия мен Еуропаны жалғайтын негізгі көлік жолдарының бірі ретінде бағалап, осы бағдар арқылы жүк ағынын кеңейтуге әзір екендерін айтқанын жеткізді.

Кездесуде жүк тасымалы саласындағы бірлескен кәсіпорындар қызметіне, сондай-ақ порт инфрақұрылымын дамыту, астық және жүк терминалдарын салу мәселесіне баса мән берілді.

Президент AD Ports Group басшысымен көлік-транзит ынтымақтастығын талқылады
Фото: Ақорда

Мұхаммед Әл-Шамиси холдингтің ұзақмерзімді ынтымақтастыққа және өңірдегі серіктестікті нығайтуға стратегиялық тұрғыдан қызығушылық танытатынын растады.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Cameco корпорациясының атқарушы директоры Тим Гитцельді қабылдағанын жазған едік.