Президент Әкімшілігі құрылтайда берілген тапсырмаларды қадағалауда ұстайды

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Ұлттық құрылтайда Президент өзекті сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, кейбірі бойынша кесімді байламын айтты, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша да өз ұстанымдарын ортаға салды. Бұл пікірді ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Президент Телерадиокешеніне берген сұхбатында айтты. 

Президент Әкімшілігі құрылтайда берілген тапсырмаларды қадағалауда ұстайды
Фото: Ақорда

− Ұлттық құрылтай – Президент бастамасымен құрылған халық пен биліктің арасындағы тиімді диалог жүргізудің таптырмас алаңы. Құрылтай отырыстарында мәдени-рухани саланы, білім мен ғылымды, ішкі саясатты, экономикалық және әлеуметтік саланы дамыту бойынша көптеген өзекті мәселелер талқыланады. Бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың ІV отырысының ерекшелігі – Президент тек қана өзекті сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, сонымен қатар, кейбірі бойынша кесімді байламын айтты деуге болады. Сонымен қатар, Президент Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша өзінің ұстанымдарын да ортаға салды, − деп пікір білдірді А.Дәдебай.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы адам әлеуетін дамыту, ірі инфрақұрылымдық, көліктік, энергетикалық жобаларды жүзеге асыру, агроөнеркәсіптік саланы дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект жүйелерін дамыту жөніндегі арнайы тапсырмаларын да берді.

− Оның бірқатары ендігі кезекте заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл ретте Үкімет Парламентпен бірлесіп, қоғам мен сарапшыларды тарта отырып, кең ауқымды жұмысты жүргізу міндеті тұр. Ал Президент Әкімшілігі болса, бұл жұмыстарды, сонымен қатар бүгін Президенттің Ұлттық құрылтайда берген барлық тапсырмаларын өз қадағалауында ұстайтын болады, − деді Президент Әкімшілігінің басшысы.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысатыны хабарланған еді.

Ұлттық құрылтай жанданғалы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғанын байқаймыз. Осы орайда Kazinform тілшісі өткен құрылтайлардың нәтижесіне жөнінде шолу әзірлеген еді.