Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігін заңнамалық функцияларының бірінен айырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігін заңнамалық функцияларының бірінен айырды.

– «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» ҚР Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығында: жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережеде: 16-тармақтың 6) тармақшасы алып тасталсын, - делінген Мемлекет басшысы Жарлығында.
Аталған 6-тармақшада Президент Әкімшілігі «Үкіметтің заңжобалық жұмыс жоспарының жобаларына, Үкіметтің заңжобалық жұмыс жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімдер жобаларына қорытынды дайындайды, сондай-ақ орындаулына бақылауды жүзеге асырады», - деп жазылған еді.
Сонымен қатар ҚР Үкіметі Парламент Мәжілісіне енгізетін заң жобаларын ҚР Президентінің Әкімшілігімен келісудің қағидалары жаңа редакцияда осылай берілген:
– Әзірленген және тиісті түрде ресімделген заң жобалары Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарында заң жобасын Парламентке ұсыну үшін белгіленген мерзім басталғанға дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей Үкімет Аппараты Басшысының қолы қойылып, Президент Әкімшілігіне келісуге ұсынылады. Заң жобаларын Президент Әкімшілігіне келісуге ұсыну мерзімі жөніндегі талап Бюджет кодексін іске асыру үшін жыл сайын әзірленетін заң жобаларына қолданылмайды. Бұл ретте құжаттар топтамасында заң жобаларымен бірге оларды жан-жақты қарауға қажетті барлық материал (құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және қаржылық негіздемелер, сараптамалардың қорытындылары және басқа да құжаттар) болуға тиіс. Президент Әкімшілігіне алдын ала келісуге ұсынылатын заң жобалары мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктер жойылғаннан кейін ғана енгізіледі, - делінген жаңартылған қағидада.
Президент Әкімшілігіне ұсынылғаннан кейін заң жобаларын Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі және өзге де мүдделі құрылымдық бөлімшелері, ҚР Президентінің тиісті көмекшілері мен кеңесшілері қарайды.
– Президент Әкімшілігінде заң жобаларына сараптама жүргізу және олар бойынша қорытынды дайындау мерзімі олар Президент Әкімшілігіне келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Бұл ретте конституциялық заңдардың, кодекстердің және қолданыстағы конституциялық заңдарға, кодекстерге өзгерістер және толықтырулар енгізуді көздейтін заңдардың жобалары бойынша мұндай мерзім 15 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Президент Әкімшілігінде ҚР Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне және 3-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленген заң жобалары, сондай-ақ ҚР Үкіметінің заң күші бар уақытша қаулыларының жобалары бойынша сараптама жүргізу және олар бойынша қорытынды дайындау мерзімі, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, олар Президент Әкімшілігіне келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс, - делінген құжатта.
Заң жобаларына сараптама жасалып, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің және өзге де мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, ҚР Президентінің көмекшілері мен кеңесшілерінің тиісті қорытындылары дайындалғаннан кейін материалдар Президент Әкімшілігі басшылығының қолы қойылып, айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып одан әрі пысықтау үшін Үкімет Аппаратына жіберіледі. Аталған қорытындылар олардың көшірмелерін жіберу арқылы ҚР Президентінің Парламенттегі Өкілдігінің назарына жеткізіледі.
Осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген заң жобалары бойынша қорытындылар Президент Әкімшілігінің Басшысымен міндетті түрде келісілуге тиіс. Заң жобасына Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі және өзге де мүдделі құрылымдық бөлімшелері, ҚР Президентінің көмекшісі немесе кеңесшісі теріс қорытынды берген жағдайда материалдар осы қорытындымен бірге ол бойынша әрі қарай түпкілікті шешім қабылдау үшін Президент Әкімшілігінің Басшысына жіберіледі.
Сонымен қатар заң жобалары бойынша Президент Әкімшілігі айтқан ескертулер жойылғаннан немесе олар бойынша Президент Әкімшілігімен арада туындаған келіспеушіліктер жойылғаннан кейін, Үкімет оларды Парламент Мәжілісіне енгізеді.
Атап айтқанда, мыналар Президент Әкімшілігімен міндетті түрде алдын ала келісілуге тиіс:
1) Парламентте қаралуы Мемлекет басшысының атынан басым деп айқындау жоспарланған заң жобалары;
2) Мемлекет басшысының тиісті тапсырмалары іске асырылатын заң жобалары;
3) конституциялық заңдардың, кодекстердің жобалары, сондай-ақ қолданыстағы конституциялық заңдарды, кодекстерді өзгерту мен толықтыруға бағытталған заң жобалары;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқаруды, елдің саяси және сайлау жүйелерін жетілдіруге бағытталған заң жобалары;
5) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау қызметі және сот төрелігін жүзеге асыру салаларындағы құқықтық қатынастарды регламенттейтін заң жобалары;
6) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобалары;
7) ҚР Конституциясының 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне және 3-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленген заң жобалары, сондай-ақ Үкіметтің заң күші бар уақытша қаулыларының жобалары.