Президент Әкімшілігінің комиссиясы «Бағанашыл» балалар үйіне барды
АСТАНА. KAZINFORM — «Бағанашыл» балалар үйінің қызметіне қатысты жағдайды жан-жақты және объективті қызметтік тексеру үшін Алматыға Президент Әкімшілігінің комиссиясы барды.

Комиссия мүшелері студенттермен, мекеме басшылығы мен қызметкерлерімен, сондай-ақ білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.
— Тексеру аясында Президент Әкімшілігінің өкілдері балалар үйіндегі тұрмыстық және білім беру жағдайымен танысып, іргелес жатқан инфрақұрылым нысандарын аралап көрді. Қазір көшу туралы шешімге қатысты құжаттар жинақталып, талданып жатыр. Жетім балаларға қатысты заңнамада көзделген барлық әлеуметтік-құқықтық кепілдіктің сақталуына ерекше назар аударылатын болады, — делінген хабарламада.
Тексеру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірінші кезекте жүргізілуде және қысқа мерзімде аяқталады.
Айта кетелік «Бағанашыл» балалар үйіне байланысты уәкілетті тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру басталды.
Еске салайық, кеше Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге наразылық білдірді.
Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды.
Кейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы 39 бала Қонаевқа көшті.