Президент АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді қабылдады
Мемлекет басшысы америкалық дипломатқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанын атап өтті.
«Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанның 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ең ірі инвесторы екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы саяси ведомстволары жетекшілері кездесуінің Астанада өтуі маңызды екенін атап өтіп, Құрама Штаттардың С5+1 форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерін құптады.
Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.
«30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Сонымен қатар бүгін Астанада Орталық Азиядағы серіктестердің басын қосқаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға алғыс айтамыз. Әріптестеріміз – сыртқы істер министрлерімен бірге аймақты біріктіруге бағытталған берік әрі тығыз қарым-қатынас жасау, нақты мәселелерге назар аудару жөніндегі жұмыстарға атсалысамыз деп үміттенемін. Бұл Орталық Азия халықтары мен Америка Құрама Штаттарына пайдалы болады деп ойлаймын. Біз ең жоғары деңгейде өзара іс-әрекет жасауға ниеттіміз. Мен осында келгеніме және ынтымақтастығымызды нығайтуға өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын», – деді Энтони Блинкен.
Сонымен қатар Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденге жүрекжарды сәлемін жолдады.