Президент Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскиді қабылдады
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Amazon компаниясының аға вице-президенті, жаһандық және құқықтық мәселелер жөніндегі бас директоры Дэвид Запольски цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Amazon компаниясының еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарына қолдау білдірді.
Ынтымақтастық Қазақстан аумағындағы жылдамдығы жоғары интернетті қамтамасыз ету және киберқауіпсіздікті нығайту секілді стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды.
Amazon тек елімізге қатысты жобаларды жүзеге асырумен шектелмей, Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабын қалыптастыруға болатын алаң ретінде қарастырып отыр.
Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында «Қазақтелеком» және Amazon Kuiper компаниялары Kuiper спутник желісінің қызмет көрсетуіне қатысты дистрибьюторлық келісімге қол қойды.
Соған сай Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Бұл жобаға 200 миллион долларға жуық инвестиция салу жоспарланған.
Аталған бастама Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту және еліміздің барлық өңірі үшін заманауи телекоммуникация қызметіне теңдей қол жеткізу тапсырмасын орындау аясында іске асырылады.
Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольски Қазақстанды жылдамдығы жоғары және арзан интернетпен қамтамасыз ететінін айтты.
— Көп рақмет, Президент мырза! Сізбен кездесу біз үшін үлкен мәртебе. Бүкіл командамыз Сізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Еліңіздің Үкіметімен және «Қазақтелеком» компаниясымен осы келісімге қол жеткізу жолында еңбек еткен барлық азаматтарға алғыс айтамын. Сіздің цифрлық технологияларды енгізу бастамаңызды қуаттаймыз. Бұл біздің Орталық Азиядағы алғашқы ірі және ең маңызды жобамыз. Мұны мақтан тұтамыз. «Қазақтелеком» компаниясымен бірге тұрғындарды жылдамдығы жоғары және арзан интернетпен қамтамасыз етеміз. Аталған жобаны ілгерілетуге ықыластымыз, — деді ол.
Айта кетелік Президент PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдаған еді.