Президент арнаулы өкілге Ауғанстанмен өзара тиімді ықпалдастықты жолға қоюды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі Еркін Тұқымовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Ауғанстан билігімен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда арнаулы өкілдің ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Арнаулы өкілге аталған елмен сауда-экономикалық және гуманитарлық салаларда өзара тиімді ықпалдастықты жолға қою тапсырылды.
Президент Алматы қаласында ашылған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында гуманитарлық және білім беру бастамаларын жалғастыра беруге ниетті.
Осыған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың өңірлерді дамыту бойынша қолға алынған шаралар туралы Президентке есеп бергені жөнінде жаздық.