Президент асыра сілтейтін көзқарастар жайында: Дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Біз тарих, дәстүр және қазіргі заман құндылықтарын әрдайым бірдей ұстанып келеміз. Жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды екенін бұрыннан айтып жүрміз. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Әрине, шетелдегі жағдайды үнемі ескеріп отыру маңызды. Бірақ біз алдымен өз еліміздің ішкі мәселелеріне ден қоюымыз керек. Біз ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуіміз керек, - деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажеттігін баса айтты.
- Әлеуметтік масылдық пен саяси таяздыққа мейлінше жол бермеуге тиіспіз. Шектен шығып, тым асыра сілтейтін көзқарастарға барынша тосқауыл қойған жөн. Өйткені бұл дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды. Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті, еліміз қазіргі қатігез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік басты миссиясын атаған болатын.