Президент әскери қызметкерлерге арнаулы атақтар мен шендерді табыс етті

«Тәуелсіздік алғалы 20 жылдың ішінде біз Қазақстанның төл офицерлерін дайындап шығардық. 20 жылдың ішінде сіздер әскери қызметтің неше түрлі сатысында болып, өздеріңіздің қызметке деген берілгендіктеріңізбен отансүйгіштіктеріңізбен көзге түсіп, осындай дәрежеге жеттіңіздер. Бұл күнді мен Бас Қолбасшы ретінде өзімнің Жарлығыммен дәрежесін көтеріп, мемлекеттік мереке ретінде тағайындадым. Бұл біздің жастарды тәрбиелеу үшін, патриоттық сезімді ояту үшін жасалып отырған мәселе»,-деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Қазақстанның әскері өсіп, өркендеп келе жатқандығын, жастардың әскери қызметке баруға ынтазар екендігін баса айтқан Елбасы: «Осыны ескере келіп, мен өз Жарлығыммен әскери шендер мен арнаулы атақтар беруді ұйғардым»,-деді.
Сонымен генерал-лейтенант шені ҚР Қорғаныс министрлігі Штаб бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Жоламановқа, авиация генерал-майоры шені ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары Асқар Бөлдешевке, генерал-майор шені «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдиновке, генерал-лейтенат шені ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Владимир Жұмақановқа, генерал-майор шені ҚР ҰҚК Сараптама және стратегиялық жоспарлау департаментінің басшысы Сейітжан Шалабаевқа, генерал-майор шені ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Мейрам Ысқақовқа, генерал-майор шені ҚР Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары Қанат Оразқұловқа табыс етілді.