Президент әскери оқу орындарының үздік түлектеріне аға лейтенант шенін тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде әскери оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» шенін тапсырды. Бұл бастама биыл алғаш рет іске асырылып отыр.
– Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа әскери шенді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының, ҚР ҰҚК Шекара академиясының, ҚР Ұлттық ұланы Академиясының, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының үздік түлектеріне табыстады.
Қ. Тоқаев қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзін еске салды. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді.
– Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін. Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр.
Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын, – деп құттықтады Президент.
Еске сала кетсек, былтыр Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде салаға реформа қажет екенін айтқан еді. Президент заң және құқық академияларының үздік түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беруді ұсынды.
Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді.
Президент бұл күн – қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке екенін айтты.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керектігін тапсырды.