Президент Астана, Алматы және облыс орталықтарында балаларға Жаратылыстану музейін ашуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бүкіл қоғам атсалысуы керектігін айтып, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының аясын кеңейтуді және жастарға Конституция құндылықтарын терең меңгертуді тапсырды. 

Президент Астана, Алматы және облыс орталықтарында балаларға Жаратылыстану музейін ашуды ұсынды
Фото: Ақорда

Президент республикалық Тамыз конференциясында кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аудару қажеттігін айтты.

— Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кәсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн. Балалардың ғылымға қызығушылығын оятпасақ, адам әлеуетін нығайту мүмкін емес, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл істе оқушыларға арналған ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтары маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Дәл осындай алаңдар оқушыларға білімін іс жүзінде қолданып көруге, тәжірибе жүргізуге, ғалымдардың еңбегімен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

— Осы орайда Астанада, Алматыда және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын. Екі жылда Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бастайды. Мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент 7 мың бала қант диабетіне шалдыққанын айтып, фаст-фуд жарнамасын мұқият зерделеуді тапсырған еді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.