Президент Астанадан радиусы 30-50 шақырым жерде экологиялық этно-ауылдар құруды тапсырды

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Президент Астанадан радиусы 30-50 шақырым жерде эко-қалашықтар салуды тапсырды. Бұндай тапсырманы  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындыққа байланысты өткен кеңесте жүктеді.
None
None

«ЭКСПО-2017 туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасайды. Бізде меймандарға көрсетер жерлер баршылық. Алайда осының барлығын дұрыс көрсете алуымыз керек. Сондықтан қазірден бастап бұл нысандардың дайындығына кірісу қажет. Атап айтқанда, туристік бағыт-бағдарларды ойластыру шарт. Яғни, тек Астана бойынша ғана емес, сонымен қатар Қазақстан өңірлері де ескерілуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыда Президент 2017 жылдың 3 айында Қазақстанға 5 млн. адамның келетінін ескере отырып, туризм бағыттары барынша қарастырылуы керектігін атап өтті. Осы орайда Елбасы Үкіметке туризм бойынша салалық тиісті бағдарламаны қайта қарап шығуды тапсырды.

«Сонымен қатар осы саладағы мамандарды даярлауға баса назар аудару керек. Олардың тілдерді меңгеруін, Қазақстан тарихын жетік білуін ескеріп, идеологиялық тұрғыда даярлау керек», - деді Н. Назарбаев.

Бұған қоса, Президент Астанадан радиусы 30-50 шақырым жерде экологиялық этно-қалашықтар құруды тапсырды. Бұл елді мекендер олимпиадалық қалашықтар негізінде салынатын болады.

«Біріншіден біз осы жерлерде инфрақұрылымды құрамыз. Бұл елді мекендер гүлденіп дамиды және жаңа жұмыс орындары ашылады», - деп түйді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар