Президент: Аз халықтардың ана тілінде сөйлеуіне құрметпен қарау қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында Қазақстан ұстанып отырған «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының мәнін түсіндірді.

— Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз — ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа алатынын атап өтті.
— Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз — әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз. — деді Президент.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.
Бұған дейін форумның мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамені, Албания Премьер-Министрі Эди Раманы, Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Андрей Пленковичті, Қатар Премьер-Министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни бар екені хабарланған болатын.