Президент Әзербайжан басшысын Астана әуежайынан шығарып салды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті елорда әуежайынан шығарып салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенін хабарлаған едік.

Әзербайжан президентін Мемлекет басшысы Ақордада қарсы алды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді. Артынша қос елдің басшыларына Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан тарапы ынтымақтастық туралы 15 құжатқа қол қойды.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Көп өтпей Қазақстан Президенті мен Әзербайжан басшысы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.


