Президент білім мен ғылымға негізгі басымдық беріп отыр – Мемлекеттік кеңесші

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары туралы ой толғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Мемлекеттік кеңесші өз баяндамасында 2019 жылдан 2022 жылға дейін саяси реформалардың 4 пакеті жүзеге асқанын атап өтті.

«Осы реформалардың аясында сол үш жыл ішінде 20 заң қабылданды. Президент былтырғы наурыз айындағы Жолдауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде бастама көтерді. Бұл бастамалар Конституциялық реформалардың негізін қалады. Өздеріңіз білетіндей, Конституциямыздағы 98 баптың 33-іне, 9 бөлімнің 8-іне түзету енгізілді. Ата заңымыздың үштен бірі өзгерді. Бұдан кейін 7 Конституциялық заңға, 15 Кодекске және 29 Заңға түзетулер енгізілді. Мұның бәрі билік тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтайтын мемлекеттік саясат құрудың жаңа моделін қалыптастырды», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Түркістандағы ұлттық құрылтайда жаңа құндылықтар қалыптастыру үрдісіне баса мән берілгенін атап өтті.

«Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте біз мәдениет, ғылым-білім жайында екінші немесе үшінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше бұл саларға ерекше басымдық беріп отыр. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, мұражай жұмысын дамытуға баса назар аударды. Адал азаматтардың қалыптастыру жанашырлық, мейірім, тілектестік сияқты құндылықтарды санаған сіңіруден басталады», - деді Ерлан Қарин.


Соңғы жаңалықтар