Президент БҚО-ға сапары барысында «Батыс Күнбағыс» АҚ-да болды

ОРАЛ. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, алдымен Теректі ауданы Пойма стансысындағы «Батыс Күнбағыс» АҚ-да болып, ондағы өсімдік майын өндіру барысымен танысты.
None
None

Президент өңірдегі егін және мал шаруашылығында жүзеге асырылып жатқан жоба-жоспарлардың мән-жайын сұрап-білді. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес, қазір өңірде нақты жобалар қолға алынуда.

«Батыс Күнбағыс» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Жаркеевтің айтуынша, 2009 жылы желтоқсанда іске қосылған жобаның құны - 2,4 млрд. теңге. Ол салынған қаржыны 4,5 жылда ақтамақ, қуаты -  жылына 7,4 мың тонна өсімдік майы мен 8,2 мың тонна күнжара.

Жоба Елбасының майлы дақылдарды көбейту мақсатында егістік алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған болатын. Жергілікті бюджет пен «Орал» ӘКК-нің қолдауымен жүзеге асқан жобада «SINEKO» фирмасының озық технологиясы мен еуропалық жабдықтары қолданылған. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 43 кәсіпорынның қатысуымен қызметтік-дайындау орталығы құрылды.

Кәсіпорын іске қосылғаннан бері 3 мың тоннадан астам май өндіріліп, бюджетке 110 млн. теңгеге жуық салық төленді.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында зауытқа кіреберіс жол құрылысы үшін 39,8 млн. теңге бөлінді. Биылғы көктемгі егіс жұмыстары мен майлы дақыл тұқымын сатып алу үшін «Орал» ӘКК кепілдігімен «Азық-түліккелісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 339 млн. теңге бөлінген. Қазіргі кезде көктемгі егіс жұмыстары жүргізілуде. Биыл барлығы 90 мың гектарға жуық алқапқа майлы дақылдар егу жоспарланған болса, оның 75 мың гектары күнбағысқа арналған. Соңғы кезде Украина елінен жаңа сортта әкелінуде.

Зауыт өз өнімін тек Батыс Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Атырау, Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына да жөнелтіп отырады, өйткені мұндағы өнім бағасы өзгелерге қарағанда 15-20 пайызға арзан.

Болашақта зауыт өнімдерін шет елдерге шығару мүмкіндігі бар.

Соңғы жаңалықтар