Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйлейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік Ұйымның мерейтойлық іс-шарасы аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйлейді

Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19:45-тен кейін бейнеконференция форматында сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Президент қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде, коронавирус пандемиясымен күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешуге арналмақ.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру, «Жасыл экономиканы» дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді.

Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі – бүкіл әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей трансляциясын БҰҰ веб сайтынан немесе Facebook-тег і парақшасынан көруге болады.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында БҰҰ 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі кездесуде бейнеүндеу жасаған еді.