Президент чемпиондардың ел алдындағы маңызды миссиясын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.

Kazakhstan proceeds to implementing People’s Construction unprecedented program
Фото: Kazinform

Президент кез келген жеңісті жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі деп атады.

– Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.

– Сіздер бұл маңызды миссияны абыроймен орындап келесіздер. Бүгінде қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты және белсенді дайындалуы керек, – деді Президент.

Айта кетейік, Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары аяқталады. Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.

Ал Азия Параойындарында Қазақстан 50 медаль жеңіп алып, үздік ондыққа енді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын айтқан еді.