Президент деректерді басқаруда ведомстволардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық есептеуші инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударды. Бұл туралы Ақордының баспасөз қызметі хабарлады.
– Сонымен қатар екі суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайту тұрғысынан зор стратегиялық мәнге ие екенін айтты.
Президенттің пікірінше, деректерді басқаруға қатысты жауапкершілікті бөлу қажет. Деректердің сапасына ведомстволардың бірінші басшылары жауап беруге тиіс. Деректерді басқарудың мемлекеттік деңгейдегі толық жүйесін қалыптастыру оны экономикалық актив ретінде қарастырудың маңызды қадамы болмақ.
Сонымен қатар баяндамада криптоиндустрияны дамыту мәселесі көтерілді. Бұл саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер биыл мамыр айында күшіне енеді.
Президент қаржы саласын реттеуші органдарға Үкіметпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Онда қаржы тұрақтылығына зиян келтірмеу, алаяқтыққа және капиталды заңсыз шығаруға қарсы тиімді күрес шаралары ескерілуге тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құпиялылықты сақтаудың, дербес дерекке заңсыз қол жеткізудің кез келген түріне тосқауыл қоюдың маңызына назар аударды. Президенттің пікірінше, жеке мәліметтің тарап кету жағдайлары мемлекетке деген сенімді азайтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз жаңа Ата заң жобасын қолдаса, дербес деректерді қорғау конституциялық міндет ретінде бекітілетінін жеткізді, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізгенін жазған едік.