Президент Дүниежүзілік климат саммитінде ұсынылған Қазақстан павильонына барды
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінде ұсынылған Қазақстанның экспозициясымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.
Көрме еліміздің мәдениетін, инновациялық және экологиялық жобаларын паш етеді. Кеңістік табиғи материалдарды пайдалана отырып этностильде безендірілген. Осылайша ұйымдастырушылар халқымыздың дәстүрді берік сақтайтынын әрі экологиялық ұстанымды қолдайтынын көрсеткен.
Президентке жасыл сутегін өндіретін Hyrasia One болашақ зауытының макеті таныстырылды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысына Гүлфия Мелдештің сайғақ мүсіндері және отандық экологиялық өнімдер көрсетілді.
Павильонға келушілер Қазақстанның биоалуантүрлілігі, сондай-ақ сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі төніп тұрған Тұран жолбарысы, Пржевальский жылқысы, киік және қар барысы секілді түз тағыларын қайта көбейту мақсатында елімізде қабылданған шаралар жөнінде мағлұмат алады.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің басшыларымен әңгімелесті.
Бүгін мемлекет басшысы «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен әңгімелесті.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы (СOP29) аясында Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесу өткізді.
Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қазақстан мен Солтүстік Македония қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.