Президент «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының төрағасы Эльжбета Франков-Яскевичті қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM - Кездесу барысында ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының төрағасы Эльжбета Франков-Яскевич
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандағы қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға және активтерді қайтару тиімділігін арттыруға үлес қосып жүрген басты халықаралық платформа ретінде «Эгмонт» тобының маңызы зор екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «ақшаны жылыстатуға қарсы» ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға сай одан әрі жетілдіруге ниетті екенін растады.

Президент заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы қабылданғанын жеткізді.

Эльжбета Франков-Яскевич Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, оның тиімділігін атап өтті.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Люксембургтің Ұлы Герцогін құттықтаған болатын. 

 

Соңғы жаңалықтар