Президент: Еліміз терең реформаларға енді ғана кірісті
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделілігіне тоқталды.

- Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Мұндай кезде ел бірлігін, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл – тұрақты дамуға қажетті ең басты шарт.
Еліміз терең әрі жан-жақты реформаларға енді ғана кірісті. Алдымызда күрделі жол тұр. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек. Алдағы бірнеше он жылдыққа көз тігіп, ауқымды шаруаларды кезең-кезеңімен атқаруымыз қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміз өз мақсаттарын ұзақ мерзімге межелей білу керектігін айтады.
- Біз ұзақ мерзімге арналған мақсатқа ұмтылуымыз керек. Келешегіміз қандай болуы керек екенін нақты білуге тиіспіз. Себебі дұрыс мақсат қоя білсек қана, табысқа жете аламыз, - деді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.