Президент Ердоғанның қазақ-түрік қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның қазақ-түрік қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесіне жоғары баға берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев, Ердоған
Фото: Ақорда

– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қарқынды түрде дамуда. Сауда-экономикалық саладағы жетістіктеріміз мол. Қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз жылдан-жылға нығая түсуде. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алуда. Былтыр еліңізге 800 мыңға жуық Қазақстан азаматы сапарлап келді, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін. Халықаралық сахнадағы ықпалдастығымыз – белсенді. Біздің елдеріміздің жаһандық тұрақты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдары – ортақ. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы тиімді іс-қимылдарымызды атап өткім келеді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақтастықты еселеп, оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстан өзінің мойындалған мәртебесін нығайту үшін теңгерімді саясат жүргізіп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.

– Оның нәтижесі де жақсы деуге болады, экономикалық өсім – тұрақты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өссе, биылғы жартыжылдықта экономикамыз 6,2 пайызға ұлғайды. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл – Орта Азиядағы ең үлкен көрсеткіш. Алға қойған мақсат-міндеттерге жету үшін Қазақстан келесі 4 бағытқа басымдық беруде. Олар: цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту; көлік және транзиттік әлеуетті нығайту; ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту; энергетика және өнеркәсіп саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Осы міндеттерді табысты жүзеге асыру ісінде Түркиямен ықпалдастыққа ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақты. Елімізде заң мен тәртіп тұжырымдамасына негізделген саясат белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

– Саяси реформаларды табысты жүзеге асырудамыз. Біздің мемлекетіміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын ұстанады. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қарқынды іске асырылып жатыр. Бұл науқанның мән-маңызы терең. Тазалық дегеніміз, бұл – әрбір азаматтың болмысын өзгерту, санасын жаңғырту деген сөз. Еліміз – жасыл, халқымыз – адал, ниеті – таза болуы керек деп халқымызға түсіндіріп айтып жатырмыз. Ішкі саясатымыздың түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекетті қалыптастыру. Қазақстанның сыртқы саясаты – сарабдал, көпбағытты және теңгерімді. Көрші елдермен қарым-қатынастарымызды достық, өзара түсіністік рухында дамытып жатырмыз. Дипломатиямызда Түркияның орны өте маңызды, ерекше деп айтуға болады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды қолдаймыз, осы мәселе бойынша Түркиямен мақсат-мүдделеріміз ортақ деп санаймыз. Осы тұста мен Түркияның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі дәнекерлік рөлін ерекше атап өткім келеді. Біз, құрметті Президент мырза, Сіздің арқаңызда болып жатқан үрдісті жоғары бағалаймыз және игі қадамдарыңызды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ердоған
Фото: Ақорда

Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

– Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын институттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Түркия мен түрік халқының досы екеніңізді бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Осы орайда мен Сізге Түркия Республикасының ең жоғары марапатын табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің мемлекеттік орденімізді елдеріміз арасындағы мызғымас достықтың символы ретінде қабылдайсыз деп сенемін, – деді Түркия Президенті.

Салтанатты жиынға 80-ге жуық дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияның қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалары мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар