«Президент идеясы қалай жүзеге аспақ?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат. Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 8-і,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Келесі жылдың ортасында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы университет, мектеп, ғылыми орталықтың тұсау кесері болмақ. Бұл жұмысты Үкімет басшысы кеше Индустрия және сауда министрлігіне тапсырды. Ал Қазақстан Президентінің білім мен ғылымды дамыту бағытындағы осы идеясы қалай жүзеге аспақ?» - деп жазған «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Президент идеясы қалай жүзеге аспақ?» деген тақырыппен берілген мақала Елбасы атымен аталатын білім нысандары турасында сөз қозғайды.

***

«Қазақ халқының ерте замандардан келе жатқан, атадан балаға мұра болып сабақтасқан дәстүрлі билерінің бірі - «Қара жорға» Гиннестің рекордтар кітабына жазылды» - деп  сүйінші сұрай жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Қара жорға» биі рекордтар кітабына жазылды» деген тақырыппен Қытайда бір мезгілде 10 мың адам болып билеген «Қара жорға» биі турасында жазады.

                                                        ***

«Әбіш ел құшағында» осы тақырыппен «Қазақ әдебиеті» басылымының бүгінгі саны  Қазақстан халық жазушысы, ойшыл-дана, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы турасында жазды.

Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» апталығының осы санында Серік Қирабаевтің «Жүрсіннің жезкиік жырлары» атты мақаласы, Ұлықбек Есдаулеттің «Ынтық зар» деген тақырыппен берілген бір топ өлеңдері және Серік Нұғыманның «Әзәзіл» деген әңгімесі берілген.

                                                        ***

«Мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет бар. Оның тамырына түбегейлі балта шабылмайынша, мемлекетте тұрақты өсу-өркендеу болмайды. Ол - бүгінде «Жегіқұрт» деген атынан ат үркетін індетке теңестірілген сыбайлас жемқорлық мәселесі» - деп ортаға салмақты ой тастаған келесі мақала «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында «Мешкейлік қоғам мерезі» деген тақырыппен берілген.

                                                       ***

«Электрондық партия» пәрменділікті күшейтеді». Осы тақырыппен берілген «Дала мен қала» газетінің кешегі санындағы мақала еліміздегі электрондық Үкімет жобасына назар аударды.

«Біз, алыс-жақын көршілеріміздің әдеби мұрасын жақсы білуге міндеттіміз. Табыну немесе ықпалына түсіп қалу үшін емес. Зерттеу, зерделеу үшін. Неге десеңіз, кез -келген ұлттың мінез-құлқы, мақсат-мұраты ең алдымен әдебиетінде көрініс табады». Осылай ой өрбіткен аталмыш басылымдағы келесі мақала «Блок бақытты болмады!» деген тақырыппен әдебиет әлемі жайында сөз қозғайды.

                                                        ***

2010-2014 жылдарған арналған серпінді индустриялық дамудың Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу Үкімет селекторлық жиналысының негізгі тақырыбы болды, деп жазады «Казахстанская правда».

Мемлекеттік бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі - Индустриялық карта және Өндірістік қуаттарды оңтайлы орналастыру сызбасы. Сызба отын- энергетикалық ресурстар, минералдық-шикізат саласы, еңбек ресурстары, арнайы экономикалық аймақ даму жоспары және индустриялық аймақ бойынша деректердің өзіндік теңгерімді болжамдық базасы болады. Индустриялық картаға стратегиялық маңызды жобалар енгізіледі.

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың: «Осы жаңа кәсіпорындарда кімдердің жұмыс істейтіні маңызды мәселе күйінде қалып отыр. Осы үдеріске тартылатын жаңа оқу орындарын ашу қажет»  деген сөзін келтірген газет.

                                            ***

«Литер» білім беру саласындағы шенеуніктердің жаңа бастамасы туралы жазады. Биылғы жылы қазақстандық педагогтардың сыртқы киім киісін тәртіпке келтіруге көңіл бөлінген. Мұғалімдерге арналған арнайы оқу құралдары шығарылған, оларда киім стилі бойынша нұсқаулармен қатар дене бітімдерінің сымбаттылығын сақтауға арналған ұсыныстар берілген.

Білім беру жүйелеріне қарағанда ҚР ІІМ-де басқа проблема орын алған - адал және тәртіпті қызметкерлер қажет. «Литер» газеті ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұмановтың сөзін келтірген:

- Жыл басынан бері полицияға 250 бұрынғы қызметкерлер қабылданды, олардың төрттен үші - шұғыл және тергеу бөлімдерінде істейді.

Соңғы жаңалықтар