Президент институты: Қазақстандағы жүйенің басқа елдерден ерекшелігі қандай?
1 желтоқсан тәуелсіз Қазақстан тарихында айрықша оқиға болған күн. Бұл күні алғаш рет елімізде президент сайлауы өтті.

Президент - мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға ғана емес, ол елдің стратегиясын құрып, саясатының бағыт-бағдарын айқындайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында біздің елде «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз» деген болатын. Осы қағидат аясында қандай жүйелі өзгерістер болып жатыр? Президенттік басқару формасындағы өзге елдерден біздің жүйеміздің қандай артықшылығы бар? Жалпы, президенттік, парламенттік және аралас типті мемлекет басқарудың айырмашылығы қандай? Толығырақ Kazinform сарапшысының материалынан оқыңыз.
Қазақстандағы алғашқы президент сайлауы
Қазақстанда 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республика президенті лауазымын бекітті. Сол күні Кеңес мүшелері бұл қызметке Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Ал, 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық тікелей президент сайлауы өтті. Сайлауға дауыс берушілердің 88,2 пайызы қатысып, онда Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинап, Қазақстан президенті болып сайланды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаудан екі апта бұрын болған айтулы оқиға еді.
Жалпы Қазақстанда президент сайлауы жеті рет - 1991, 1999, 2005, 2011, 2016, 2019 және 2022 жылдары өтті. Ендігі сайлау 2029 жылға жоспарланған.
Президент институтының тарихында 1995 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған Президент туралы Конституциялық заңның маңызы ерекше болды, онда мемлекет басшысының мәртебесі, өкілеттігі, міндеті және басқа қызметі айқындалған.

Қазақстандағы президент сайлауының ерекшеліктері
Республика Президентінің сайлауы алдыңғы сайлау өткеннен кейін жеті жылдан соң желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі. Оған үміткер ретінде кім тіркеле алады?
Қазақстанда президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптар:
- ҚР азаматы болуы;
- ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;
- Жоғары білімінің болуы;
- Жасы 40-қа толған болуы;
- Белсенді сайлау құқығының болуы;
- Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
- Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек.
Президент сайлауында дауыс бергендердің 50 пайыздан астамының қолдауына ие болған кандидат жеңіске жетеді. Егер ешкім бұл межеден аса алмаса, ең көп дауыс жинаған екі кандидат екінші турға өтеді, онда басым дауыс жинаған кандидат президент болып сайлана алады.

Жаңадан сайланған Президент: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi. Республика Президентi анттың мәтiнiн мемлекеттiк тiлде айтады.
Президент енді 7 жылға бір рет қана сайланады
2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Осы Жолдауда Мемлекет басшысы президент институтын түбегейлі жаңғыртуға қатысты ойларын айтқан еді.
«Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол жылдың қыркүйегінде Түркістан облысына сапарлаған Қазақстан Президенті өңір жұртшылығымен кездесу барысында Мемлекет басшысын бір мерзімге ғана сайлауға қатысты реформаның мән-жайын түсіндіріп берді.
«Тағы бір аса маңызды реформа — Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек», -деген болатын Президент.
Сонымен былтырдан бері Қазақстан Президенті бір рет қана 7 жыл мерзімге сайланады. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен президент лауазымын иемденетін тұлғаларға қатысты тағы да бірқатар шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, енді президент ешбір саяси партияда мүше болмауы тиіс. Бұл - саяси бәсекелестікте ешбір партияға басымдық берілмеуі үшін жасалған қадам. Сонымен қатар енді заң бойынша президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқара алмайды.
Президент-Парламент-Үкімет қарым-қатынасы
Былтыр елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 7 жылға – 2029 жылға дейін екінші кезеңге мемлекет басшысы болып сайланды. Сондай-ақ, ол былтырғы жолдауында Президент, Парламент және Үкіметтің қоғам алдындағы рөлі мен міндетіне қатысты жаңа қағидаттың басшылыққа алынатынын мәлімдеді.
Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекет басқару академиясы Қолданбалы зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Жанат Момынқұловтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару принципіне қатысты ойын да сұрадық.

Тоқаев 2022 жылы суперпрезиденттік басқару үлгісінің қазіргі сын-қатерлерге сай келмейтінін сынап, елде саяси модернизация жасауға негіз болатын саяси реформаларды жүргізу үшін референдум арқылы конституцияға толықтырулар енгізді... Бұл саяси бастамалар мемлекеттік институттардың сабақтастығын сақтап, саяси институттардың, орталық пен өңірлер арасында билікті әділ үйлестіріп орталықсыздандырады деп саналады. Жуырда болған саяси құрылымдық өзгерістер де осы процестің жалғасы ретінде қабылданды.
Сонымен қатар, бұл мемлекет басқарудың сапасын жақсартуға, өңірлердің бюджеттік, салықтық құзыреттерін күшейтуге, аралас сайлау жүйесі арқылы парламентке түрлі әлеуметтік топтардан әртүрлі тұлғаларды кіргізуге мүмкіндік береді. Бұл саяси сипатты өзгерістер елдің экономикасын ретке келтіру, ел байлығын салыстырмалы түрде әділірек бөлуге тырысу, экономикалық демонополизация арқылы азаматтарға тең жағдай жасау мақсатында жүргізіліп отыр.
Президент парламенттің құзыретін кеңейтіп, керісінше президенттің құзыреттерін біршама шектейтін демократиялық бастама көтерді. Бұл реформалар алдағы жылдарда сапалы саяси өзгерістер, тұрақты даму үшін негіз болады деп сенетіндер көп, – деді ғылыми қызметкер.
Жанат Момынқұловтың айтуынша, Президенттің саясаты мемлекеттің экономикадағы ролін азайтып, мемлекеттік саясатты жүргізуде қоғаммен қарым-қатынастарға, азаматтарға тең жағдай жасауға айрықша мән беріп, экономикада ашықтықты қамтамасыз етуге, «жаңа ойынның» ашық әрі түсінікті қағидаларын орнатуға бағытталған.
Жекелеген азаматтар да жүгіне алатын Конституциялық сот құру –халықаралық стандарттарға жасалған оң қадам. Осындай адам құқығын, аналар мен әйелдердің, балалардың құқықтарын қорғайтын, елді бөлмей біріктіретін түбегейлі нақты шаралар қазіргі биліктің халық алдындағы легитимділігін нығайта түсері анық, – деп түйіндеді ойын сарапшы.
Президент терминінің тарихы
«Президент» термині латынның praesidens сөзінен шыққан және алдында, басында отыру дегенді білдіреді. Мәжілістерге төрағалық етеді. Қазіргідей қолданыстағы мағынада XVIII ғасырдың аяғында АҚШ-та президент институты құрылғаннан бастап пайдаланыла бастады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Америка Құрама Штаттарының үлгісін Латын Америкасы елдері – Венесуэла (1812), Гран Колумбия (1819; 1819-1831 жылдары болған) жалғастырды. Еуропада президент лауазымын мемлекет басшысы ретінде алғаш рет Франция мен Швейцария (екеуі де 1848 жылы), Африкада – Либерия (1848), Азияда – Филиппин (1899) енгізді. 1940-1960 жылдары отарсыздандыру процесі кезінде әлемде президент басқаратын республикалар кең тарады.
Президент институтының 3 формасы
Қазіргі әлемдік конституциялық тәжірибеде республикалардың негізгі үш түрі бар: президенттік, парламенттік және аралас.
Президенттік республикаларда мемлекет басшысын, әдетте, ел тұрғындары сайлайды және ол атқарушы биліктің басшысы, мемлекеттік басқаруда жетекші рөл атқаратын ең жоғары лауазымды тұлға болады. Ол тек өзіне есеп беретін үкіметті құрады. Парламенттің үкіметке немесе жекелеген министрлерге сенімсіздік вотумын қабылдауға құқығы жоқ. Басқарудың бұл түрі көптеген елде, соның ішінде АҚШ, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елінде қабылданған.
Парламенттік республикаларда президентті әдетте парламент немесе арнайы алқа сайлайды. Мемлекет басшысы ретінде ол нақты билікке ие емес, негізінен өкілдік функцияларды орындайды. Мұндай елдерде үкіметті парламент құрады және оның алдында есеп береді. Бүгінгі таңда Еуропада мұндай республикалар басым, мысалы, Германия, Италия, сондай-ақ Азияда Үндістан бар.
Аралас типті республикалар (жартылай президенттік немесе президенттік-парламенттік) президенттік және парламенттік республикалардың элементтерін біріктіреді. Мұндай елдерде мемлекет басшысын халық сайлайды, бірақ президенттік формадан айырмашылығы мемлекет басшысы мұндай елдерде өкілдік функция атқармайды, оның қолында нақты билік шоғырланады. Парламенттік республикадағыдай үкімет заң шығарушы орган алдында есеп береді және парламент оны таратуға құқылы. Бұл форма Франция, Португалия және Литвада бар.
Сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Қазақстанды басқару формасы жағынан аралас түрге – «аралас республика» деп атауға болады, болашақта «президенттік-парламенттік республика», яғни президент пен парламент арасындағы балансты сақтайтын ел болуы мүмкін.
Орталық Азиядағы президент институты
Әлемде президент болуға кандидатқа түрлі талаптар қойылады. Мәселен, туғанынан сол мемлекеттің азаматтығы немесе сайлауға дейін елде ұзақ мерзім тұру, сондай-ақ жас мөлшері жағынан шектеулер болуы мүмкін. Атап айтқанда, көптеген елде мемлекет басшысы 35 немесе 40 жастан кіші болуы мүмкін емес. Президенттің өкілеттік мерзімі төрт жылдан жеті жылға дейін ауытқиды. Мысалы, АҚШ-та – төрт жыл, Германия мен Францияда – бес жыл, Финляндия мен Ресейде – алты жыл, Қазақстан және Италияда – жеті жыл).
Көптеген елде бір адам президенттікке екі реттен артық сайлана алмайды, бірақ кейбір елде президент еш шектеусіз рет қайта сайлана бере алады (мысалы, Венесуэла, Эквадор, Гамбия, Камерун, Того, т.б.). Қазіргі президенттердің ішінде Теодоро Обианг Нгуэма Мбасого (Экваторлық Гвинея, 1979 жылдан бері – 44 жылда президент болып 6 рет сайланып, әлі де билік басында отыр – ред.) - лауазымында ең ұзақ отырған көшбасшы.
Біз Орталық Азия өңіріне, ондағы президент институтының ерекшеліктеріне тоқталып өтсек.
Өзбекстан - президенттік республика. Елде президент 5 жыл мерзімге сайланады. Ол республикада Конституция кепілі, жоғарғы бас қолбасшы болып саналады. Заңнамаға сәйкес, бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды. Тәуелсіз Өзбекстан тарихында ең жоғары лауазымға екі адам – Ислам Каримов пен қазіргі президент Шавкат Мирзиеев сайланды.
Қырғызстанда да президент 5 жыл мерзімге сайланады. Онда да бір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды деген норма бар. 35 жастан асқан, мемлекеттік тілді білетін, ел аумағында 15 жыл тұратын азамат Мемлекет басшысы болу үшін кандидат ретінде тіркеле алады. Қырғыз Республикасының тарихында 6 адам президент болды: олар – Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков және қазіргі президент Садыр Жапаров.
Тәжікстанда президент 7 жылға сайланады. Тәжікстан заңнамасына сәйкес, бір адам екі реттен артық президент болып сайлана алмайды. Бұл норма қазіргі мемлекет басшысы Эмомали Рахмонға қатысты қолданылмайды. Ел президенттігіне кандидат болып тіркелу үшін азамат 30 жастан асуы керек. Кахар Махкамов пен Рахмон Набиевтен кейін 1994 жылдан бері елдің үшінші президенті Эмомали Рахмон елді басқарып келеді.
Түрікменстан президенті мемлекет басшысы әрі атқарушы билік басшысы саналады. Президент 7 жыл мерзімге сайланады. Заңнамада бір адамға сайлауға қатысу жағынан шектеу жоқ. Түрікменстан президенттігіне кандидат ел аумағында туған, 15 жыл сонда тұрақты тұратын, 40 жастан асқан, мемлекеттік тілді меңгерген азамат болуы тиіс. Ел тарихында 3 адам – Сапармұрат Ниязов, Гурбангулы Бердімұхамедов және қазіргі мемлекет басшысы Сердар Бердімұхамедов президент болған.
Қорыта айтсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін президенттік мерзімінде күшті «Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққаалып,еліміздің заң шығару процесін жетілдіріп, үкіметтің орындау функциясын арттырады. Бір жағынан Мемлекет басшысы ел басқарудағы өкілеттікті парламент және үкіметпен «бөліседі» деуге болады. Бұл қағидаттың нәтижесін уақыт көрсетеді. Себебі кез келген реформаның жемісін көру үшін уақыт керек.