Президент: Қазақстан Италияға мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитінде Қазақстан Италияға мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенін мәлім етті.

– Энергетика саласы дәстүрлі түрде Қазақстан-Италия ынтымақтастығының локомотиві болып келеді. Біздің ел Еуропалық Одаққа мұнай экспорттаушы елдердің ірі үштігіне кіреді. Былтыр Италия нарығына Қазақстан мұнайын жеткізу көлемі 30 млн тоннадан асты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 27 пайыз көп. Қажет болған жағдайда қазіргі көлемді өсіруге дайынбыз, - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ бүгін түске дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Астана халықаралық форумының екінші күніндегі пленарлық сессияға қатысты.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Италия Премьер-министрі Ақордадағы келіссөз қорытындысы бойынша Стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде Бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын.