Президент: Қазақстанда алғашқы француз банкінің ашылуын қуана құптар едік

Президент еліміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытын немесе «Орта дәлізді» дамытуға барынша күш салып отырғанына назар аударды, деп хабарлайды Kazinform Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент: Қазақстанда алғашқы француз банкінің ашылуын қуана құптар едік
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Бұл – Еуропа мен Азия арасындағы сенімді жеткізу тізбегін қамтамасыз ететін ең қысқа әрі анағұрлым өміршең бағдар. Тасымал көлемі өсіп келеді. Сондықтан біз жыл сайынғы жүк тасымалын 10 миллион тоннаға дейін жеткізу үшін серіктестерімізбен бірге инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына белсенді кірістік. Енді бұл бағыттағы іс-әрекетімізді Трансеуропалық көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһандық қақпа» бастамасымен ұштастыру маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, биотехнология және медицина салаларындағы ынтымақтастықты жолға қою үшін мүмкіндік мол. Биотехнология кластерін дамыту мақсатында Ұлттық «QazBioPharm» биофармацевтикалық холдингі құрылды. Президент көптеген жетекші компаниялар Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғы өндірісін дамытуды жоспарлап отырғанын атап өтіп, француз компанияларын да осы бағыттағы ықпалдастыққа шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестиция тарту ісіндегі артықшылықтарына тоқталды.

«Бүгінде әлемнің 78 елінде базасы бар 2100-ден астам компания АХҚО-да жұмыс істейді. Олар тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл өңірге инвестициялық капитал тартуға ықпал етіп отыр. Біз АХҚО-дағы француз компанияларының саны артуын және Қазақстанда алғашқы француз банкінің ашылуын қуана құптар едік. Бұл қадам біздің инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастығымызға тың серпін береді», – деді Президент.

Соңғы жаңалықтар