20:10, 05 Шілде 2021 | GMT +5
Президент Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың туыстарына көңіл айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімет таратты.
– Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әселхан Әлішерқызы айтыс көкжиегінде шоқ жұлдыздай жанып, халқының сүйікті ақын қызына айналды. Саналы ғұмырын киелі айтыс өнеріне арнап, жұртымыздың рухани байлығын дамытуға мол үлес қосты. Соңында өшпес мұра қалдырды. Әселхан Қалыбекованың есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, біз бұған дейін айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың өмірден өткенін жазған болатынбыз.