Президент: Қазіргі бұлыңғыр дәуірге жауабымыз — құрылыс және тағы да құрылыс
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық спортшылардың жеңісті жолы елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен терең үндеседі. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.
Президент соңғы жылдары еліміздің экономикасы айтарлықтай нығайып, жаңа даму көрсеткіштеріне қол жеткізе бастағанын тілге тиек етті.
— Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл — біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек, — деді ол.
Мемлекет басшысы алдымызда тұрған биік мақсаттар мен ауқымды жұмысқа тоқталды.
— Өздеріңіз білесіздер, мен жақында жариялаған халыққа Жолдауымда бұл міндеттерге жан-жақты тоқталып өттім. Елімізде келесі жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады. Дегенмен мұны жай ғана уақытша науқан емес, нағыз «Халықтық құрылыс», яғни, тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы деп түсінген жөн. Еліміздің әр азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар. Бұл міндетті орындау ел Президенті ретінде мен үшін бірінші қатардағы басымдық болмақ. Сондықтан «Халықтық құрылыс» барысында еліміздің барлық аймағында көптеген әлеуметтік нысандар — мектептер, ауруханалар, емханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, спорт орталықтары, сондай-ақ тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-келбетін түбегейлі өзгертіп, азаматтардың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі. Ауқымды құрылыс қалалар мен аудандардың барлығында жүргізіліп, азаматтық инфрақұрылымды түгел жаңғыртады. Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауабымыз: бұл — «Құрылыс және тағы да құрылыс!». Себебі, меніңше, құрылыс жұмыстары, бұл — еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттырудың жалғыз ғана жолы. Бұл сөздің астарында келешек ұрпақтың игілігіне берік негіз қалайтын жасампаздыққа тұтас ұлтты жұмылдыру міндеті тұр, — деді Президент.
Айта кетейік, Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары аяқталады. Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.
Ал Азия Параойындарында Қазақстан 50 медаль жеңіп алып, үздік ондыққа енді.