Президент Киевте қастандық жасалған қазақ журналисі жайында пікір білдірді

тоқаев
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ақордада өткен салтанатты марапаттау рәсімі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке пікір білдірді. 

— Елімізде заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету — басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым — айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұрату жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, — деді Президент. 

Еске сала кетейік, кеше Украинаның Киев қаласында сол елде босқын есебінде тұрып жатқан журналист Айдос Садықовты әлдебіреулер көлігінде атып кеткен болатын. 

Ол қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. 

Соңғы жаңалықтар