Президент қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейтуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президентке елдегі криминогендік ахуал және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды.
Ержан Сәденов биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендегені жөнінде мәлімет берді.
Нақты айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда азайған қылмыс саны 11 мыңнан асады. Қылмыстың аса ауыр түрлері, сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында құқық бұзушылықтар кеміген.
Министр өткен жылдары 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғаны айтты.
Криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Ол қоғамда құқықтық тәртіпті бұзуға төзбеушілік дағдысы орнығып келе жатқанын баяндады.
Жұртшылық полицияның Заң мен тәртіпті жүзеге асыруына белсенді түрде көмектеседі. Жыл басынан бері азаматтардың, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілердің ақпараты бойынша 12 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылды.
Жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ықпал етіп келеді. Іздеуде жүрген 1039 адам табылып, сырт елдерде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды. Шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталды.
Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылғаны жөнінде айтты.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.
Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мұндай қылмыстың саны 21 пайызға азайды. Олардың жолын кесу мақсатында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды.
Ержан Сәденов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық тетіктерін дамыту жөнінде ақпарат берді.
Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Цифрлық шешімдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де белсенді қолданылып жатыр.
Бұл шаралар профилактикалық жұмысты күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының санын 5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар 7 пайызға азайған.
Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Айта кетелік Тоқаев Эмомали Рахмонмен сөйлесіп, қазақ-тәжік байланысын кеңейтудің маңызын айтқан еді.