Президент қолынан марапат алған ұстаз неге жылады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Мемлекет басшысынан марапат алған түркістандық ұстаздың ебіл-дебіл жылаған видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. 58 жастағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абибулла Жакудаев қуаныштан көңілі босағандықтан қасындағы әріптестерін құшақтап алған.

мұғалім
Фото: видеодан алынған кадр

Оқиға 5 қазан күні болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үздік ұстаздарды қабылдап, мемлекеттік награда табыстаған болатын. Солардың қатарында Түркістан облысы Ордабасы ауданында орналасқан Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Абибулла Жакудаев та бар. 

ұстаз
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін алған мұғалім есіктен шығарда өзін-өзі тоқтата алмай көз жасына ерік берді.

Бүгін Kazinform тілшісі Абибулла Жакудаевқа хабарласып, марапатымен құттықтады. Сондай-ақ, салтанатты жиыннан алған әсерін сұрады.

«Бұл — қуаныштың көз жасы. Сондай-ақ, мен алдында Мемлекет басшысының алғыс хатын алғанмын. Еңбектің бағаланғаны ең үлкен абырой ғой. Қаншама рет мемлекеттік наградаға ұсынылғаныммен жолым болмап еді. Яғни, жолымды кесушілер көп болды. Ал, бүгін еңбегім жоғары бағаланып отыр. Сол себепті бұл қуаныштың көз жасы» — деді ұстаз.

@kazinform_news 🏅Президент қолынан марапат алған Түркістан облысы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абибулла Жакудаевтың қуанышы Педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық білім шыңын бағындырып, бүгінде Түркістан облысын көпке танытып келеді. Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы ұстаз, бұл күні Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапатталды. #kazinform ♬ оригинальный звук — Kazinform_

Абибулла Жакудаев Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда 1983 жылдан бері қызмет атқарып келеді. 

«Педагог-шебер» санатындағы ізденімпаз, шығармашыл, жаңашыл ұстаздың жалпы педагогикалық өтілі — 40 жыл 8 ай. 

Бүгінге дейін Мемлекет басшысының алғыс хатымен, «Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 

Ал, желіде тараған видеоға пікір жазушылардың көзқарасы екіге бөлінді. Бір тарап «неге жылайды» деп таңқалып жатса, екінші тарап ұстазды құттықтап жатыр. 

Олардың арасында «Бұл кісі Президент марапатын алғанына емес, еңбегінің еленгеніне көңілі босап кетті», «40 жыл бойы ағылшын тілінен сабақ беріп келеді. Екі қызын жалғыз өзі асырап баққан әке. Денсаулығы нашар. Еңбегі еленгендіктен жылайды да», «Жақсы кісі екені көрініп тұр, мың жасасын», «Ее, біздің ағай звезда ғой», «40 жыл бойғы еңбегінің еленгеніне қуанып жылап жіберген шығар, ұстаз болу оңай емес» деп жазғандар да бар.

Соңғы жаңалықтар