Президент көңіл айтты: Астана көшесіне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Серікұлы Забикулиннің қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
– Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады.
Еске сала кетейік, елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түсті.
Ал 3 адамды құтқарған астаналық өрт сөндіруші Асқар Забикулинді 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Сондай-ақ, оған достары көмек жинады.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Күні кеше оның отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты табысталған болатын.
Денесінің 80 пайызын күйік шалған өрт сөндіруші бүгін ауруханада қайтыс болды.
Фото: www.instagram.com/askar_zn