Президент: Конституция ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде жаңа Конституцияны халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның берік негізі және елдің орнықты дамуының кепілі деп атады.

Президент: Конституция ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеді
Фото: Ақорда

— Негізгі құжатта еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілді. Конституцияда білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз отаншылдық пен еңбексүйгіштік идеясын дәріптеуге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға басымдық берілді, — деді Президент.

Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады.

— Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл — Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру. Немерелеріміз ағымдағы кейбір олқылықтарымызды, қателерімізді кешіруі мүмкін. Себебі әр жұмыс, әр еңбек қатесіз болмайды. Бірақ Егемендігімізге зиян келтіріп, Тәуелсіздігімізді қорғай алмасақ, олар бізді ешқашан кешірмейді. Өйткені Тәуелсіздік — бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет. Онсыз ештеңе болмайтыны айдан анық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент мемлекетіміздің тұғыры — әділеттілік екенін баса айтты.

— Бұл ұғымның масылдыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, әділеттілік, бұл — еңбекқорлық ұғымына жақын түсінік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 28 маусым — БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымын құттықтады.

Еске сала кетсек, 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды.