Президент Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездесті
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі салаларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері және студенттер қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.
– Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.

Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап көруден басталды. Сондай-ақ Президент Петропавл су торабында болды.
Бүгін сондай-ақ мемлекет басшысы сапар барысында табиғи апатпен күресіп жүрген азаматтарға алғыс айтқанын жазған болатынбыз.
Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына ұшып барғанын да хабарлаған едік. Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы су тасқынына байланысты жағдаймен танысқан болатын.
Бүгін сондай-ақ, президент Қостанай өңіріне сапары барысында ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді.