Президент кубогы: Аружан Сағындықова жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова жекелей сында Президент кубогы үшін елордада өтіп жатқан ITF W15 турнирінің жартылай финалына өтті.

Қазақстандық теннисші ширек финалда Беларусь өкілі Владислава Звереваның мысын басты.
Бірінші партияда белоруссиялық теннисші 7:5 есебімен басым түскенімен, Аружан камбэк жасай білді – 6:0, 6:3.
Аружан Сағындықова финалға шығу үшін әлемнің 739-ракеткасы, ресейлік Эдда Мамедовамен таласады.

Тағы бір қазақстандық Іңкәр Дүйсебай ширек финалдағы тартысты бәсекеде ресейлік Екатерина Хайрутдиноваға жол берді – 7:6 (7:3), 2:6, 2:6.
Есесіне І.Дүйсебай жұптық сында Асылжан Арыстанбековамен финалға өтті. Қазақстандық дуэт жартылай финалда белоруссиялықтар Аглая Фёдорова – Дарья Хомутянсканы қапы қалдырды – 6:2, 7:5.
Іңкәр Дүйсебай – Асылжан Арыстанбекова соңғы бәсекеде ресейлік Е.Хайрутдинова – белоруссиялық Анна Кубаревамен чемпиондық атақты сарапқа салады. Бұл жұп жартылай финалда қазақстандық Сандуғаш Кенжебаева – ресейлік Алиса Кюммельді ұтып кетті – 6:4, 6:4.
Ерлер арасында Әмір Омарханов түркиялық Мерт Алкаймен, Григорий Ломакин ресейлік Александр Лобановпен бірге жартылай финалда қарсыластарынан ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарростың іріктеу турнирінде екі теннисшінің финалға жолдама алғанын жазған едік.