Президент кубогы: Бейбіт Жұқаев Астанадағы турнирде Әмір Омархановты жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Президент кубогы үшін теннистен ATP Challenger турнирі өтіп жатыр.
Қазақстандық теннисші, әлемнің 419-ракеткасы Бейбіт Жұқаев алғашқы айналымда отандасы, рейтингіде 629-орындағы Әмір Омархановқа тап келді.
Бейбіт 25 жаста болса, Әмір 18-де еді. Бұл қос теннисшінің өзара бастапқы кездесуі болатын.
Тәжірибелі Б.Жұқаев 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Жұқаев 5 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Омарханов 4 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 299-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, түркиялық Мерт Алкаямен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Испаниядағы турнирде чемпион атанғанын жазған едік.
Сонымен қатар Асылжан Арыстанбекова Астана турнирінің жеңімпазы болды.
Елена Рыбакина Торонто турнирінің ширек финалына жолдама алды.