Президент кубогы: Қазақстандық жұп камбэк жасап, жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Аружан Сағындықова мен Екатерина Дмитриченко жұптық сында Президент кубогы үшін ITF сериясы бойынша Астанада өтіп жатқан W15 турнирінің жартылай финалында ойнайды.

Қазақстандық жұп ширек финалда жарыстың 2-ракеткалары, ресейліктер Екатерина Маклакова — Дарья Зелинскаяның меселін қайырды.
Бүгін Аружан мен Екатерина жекелей сында қарсыластарынан ұтылып қалған болатын. Соған қарамастан, жұптық сында жеңіс үшін барын салды.
Бірінші партияда фаворит саналған ресейлік дуэт айқын басымдылық танытты — 6:1.
Есесіне екінші сетте Сағындықова — Дмитриченко қарымта қайырды — 6:2. Содан кейін супер тай-брейкте дес бермеді — 10:7.
Аружан Сағындықова — Екатерина Дмитриченко финалға шығу үшін өзбекстандықтар Нигина Алимова — Сабрина Олимжановамен таласады.
Өткен аптада елордада дәл осындай додада жұптық сында Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында Асылжан Арыстанбекованың ширек финалға өткенін жазған едік.