Президент кубогы: Шайбалы хоккейде Қазақстан олимпиадалық құрамасы «Лададан» жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін шайбалы хоккейден 2024 жылғы Қазақстан Президенті кубогында Қазақстан олимпиадалық құрамасы алғашқы ойынын Ресейдің «Лада» командасына қарсы өткізді.

Кездесуде қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:7 есебімен есе жіберіп қойды. Енді олар 15 тамызда «Барыспен» шеберлік байқасады.
Айта кетсек, халықаралық турнирде Қазақстан олимпиадасы мен «Барыстан» өзге ресейлік «Амур» (Хабаровск) мен «Лада» (Тольятти) сынға түседі.
Қазақстандық хоккейшілер финалдық олимпиадалық іріктеу ойындарында Словакияның Братислава қаласында 29 тамыз-1 қыркүйек аралығында Австрия, Венгрия және Словакия құрамаларымен ойнайды.
Шайбалы хоккейден Қазақстан олимпиадалық құрамасын ҚР Президенті кубогына Олег Болякин дайындады. Оған Георгий Верещагин, Талғат Жайлауов, Павел Бессонов көмекшілік жасады.
Президент кубогында топтық кезеңдегі ойындар 14-17 тамыз аралығында өтсе, 18 тамызда 3-орын үшін ойын мен финал өтеді.
Ал елордалық «Барыс» сапында аталған турнирде шетелдік хоккейшілермен бірге қазақстандық жас хоккейшілер шеберлігін көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Көптеген хоккейші Қазақстан олимпиадалық құрамасына шақырту алуына байланысты турнирге клуб жүйесіндегі жас ойыншылар шақырту алған.