Президент кубогы: Заңғар Нұрланұлы челленджер турнирінде алғаш рет өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Президент кубогы үшін теннистен халықаралық ATP Challenger Tour турнирі өтіп жатыр.

Заңғар Нұрланұлы
Фото: ҚТФ

Ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы челленджер жарысында алғаш рет өнер көрсетті.

Тырнақалды кездесуінде Заңғар тәжірибелі теннисші, кезінде әлемдік рейтингіде 50-орынға дейін көтерілген, қазіргі кезде 387-сатыда тұрған, турнирдің 8-ракеткасы, литвалық Ричардас Беранкиспен шеберлік байқасты.

Қазақстандық жас теннисші 2:6, 2:6 есебімен есе жібергеніне қарамастан, ересектер арасында өзінің шама-шарқын байқап көрді.

Беранкис — Литва теннисінің жарық жұлдызы, жасөспірімдер арасында 2007 жылғы US Open жеңімпазы, өз елінің тарихында ТОП-100-ге кірген жалғыз ойыншы. Ол 2014 жылы Астана Президент кубогы, 2017 жылы Шымкентте челленджер додасында топ жарды.

Тағы бір 17 жастағы қазақстандық, ATP рейтингісінде 971-сатыдағы Әмір Омарханов бүгін әлемнің 577-ракеткасы, жапониялық Имай Шинтаромен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қатарынан екі турнирде чемпион атанған Александр Бубликтің ТОП-25-ке кіргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар