Президент кубогы: Футболдан Қазақстан жасөспірімдері Қырғызстанды ойсырата жеңді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін жасөспірімдер арасында  халықаралық турнирдің алғашқы туры өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Халықаралық турнирде барлығы 6 құрама бақ сынайды. Құрамалар екі топқа бөлінген. А тобында Литва, Қырғызстан және еліміздің 17 жасқа дейінгі құрамалары шеберлік байқасады. Ал В тобында Армения, Тәжікстан және еліміздің 16 жасқа дейінгі құрамалары жасыл алаңға шығады.

Бүгін екі топта да бір-бір ойыннан өткізілді. Турнир В тобындағы Армения мен 16 жасқа дейінгі Қазақстан өрендері арасындағы кездесумен ашылды. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

Одан кейін А тобындағы 17 жасқа дейінгі Қазақстан және Қырғызстан құрамалары арасындағы ойын басталды. Бұл кездесуде біздің өрендер қарсыластар қақпасына жауапсыз сегіз гол соқты.

Енді 25 тамызда екінші тур ойындары өтеді. Онда А тобында Қырғызстан мен Литва, В тобында Тәжікстан мен Армения кездеседі. Ал 26 тамызда еліміздің 16 жасқа дейінгі құрамасы Тәжікстанмен жасыл алаңға шықса, еліміздің 17 жасқа дейінгі құрамасы Литвамен шеберлік байқасады.

Турнир 28 тамызда мәресіне жетеді. Бұл күні финал, 3-4 және 5-6 орындар сарапқа салынады.

Халықаралық турнир 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Еліміздің 17 жасқа дейінгі құрамасы екі мәрте чемпион атанды.   


Соңғы жаңалықтар