Президент күні ел тарихындағы елеулі күн болып қала бермек - Ғ.Қапақов, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары

- Жылдар өткен сайын біздің әр отбасымыз үшін осы тарихи таңдаудың маңыздылығы да, мәні де айқын көріне бастады, деді ол. Уақыт бәрін көрсетті, қоғамның даму нәтижесі белгілі болды. Ел барлық ұрпақ үшін жақсы өмірдің іргетасы қаланып жатқандығын түсінді. Қандай да бір қиындық болмасын, Ұлт көшбасшысымен бірге биік мақсатқа ұмтылып, жеңістерге жете білдік деп айтуға болады.
Қазір бәріміз де сауаттымыз, алды-артымызды түсіне білетін жағдайға жеттік. Керек десеңіз, қандай тақырыпта, қандай ақпарат аламын десеңіз, барлық мүмкіндік бар. Мұның өзі біздің көзіміз ашық, саналы қоғам мүшесі болып қалыптасуымызға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алып қарасақ, өткен өмірге көз салсақ, біздің Тұңғыш Президентімізді алғаш рет бүкіл халық болып сайлады. Елбасымыз еліміз үшін өте күрделі қиын кезде Қазақстанның тұрақты дамуы үшін бар ауыр жүк пен жауапкершілігін мойнына алған еді.
Меніңше, осыны әрбір қазақстандық азамат ой елегінен өткізіп, жүрегімен дұрыс түсіну керек. Менің ойымша, түсіну деген - елдің бірлігі мен татулығын сақтай отырып, елдің болашағы үшін күш-жігерімізді аямай, Президенттің қасына топтаса білу. Президентке адалдығымызды құр сөзбен емес, жақсы да нақты істермен көрсете білу.
Біз Президентті алғаш рет сайлағанда тек қоғамды нығайтудың нышаны мен кепілі ғана емес, сонымен қатар еліміздің болашағында негізгі фактор екенін түсіндік. Біз саналы түрде нағыз Ұлт көшбасшысын таңдадық. Ал бүгінгі Қазақстанның жетістіктері біздің осы тағдырлы шешіміміздің дұрыс қабылдағанын көрсетті.
Елбасымыздың күтпеген және мықты идеялары көпшілікті аса таң қалдырды және елімізде түрлі ой-көзқарас тудырды. Ал осыған куә болған уақыт бұл шешімнің дұрыстығын, саяси көрегенділігін дәлелдеді.
Осы жылдары Н.Ә.Назарбаев ел билеу ісінің әлемдік тәжірибесін игеріп қана қоймай, өмірде болмаған көптеген жаңашылдықтар енгізе білді. Соның бірі - өмірге келген Қазақстан халқы ассамблеясы.
Кезінде еліміздегі халықтардың форумынан бастау алған Қазақстан халқы ассамблеясына бос әурешілік деп қараушылар да болған. Бірақ Елбасымыздың көрегендігі, ұлт мәселесіне айрықша ден қоюы ассамблеяның мемлекетіміздің ең бір беделді ұйымына айналуына алып келді.
Жаңа Конституция қабылдау және Президент өкілдігі жөніндегі екі референдум да осы ассамблеяның ұсынысына орай ұйымдастырылды. Ассамблея өз сессияларында ұлтаралық жарасым мәселелерімен қатар, мемлекеттің ең өзекті деген жағдайларын да талқылап, оның мүмкіндігін ұлғайта түсті.
Ассамблеяның сессия жұмысына бүкіл Қазақстандағы тіркелген шетел дипломаттарының, сенаторлар мен Мәжіліс депутаттарының, министрлердің қатысуы, оның мүмкіндіктерінің молая түскенін көрсетеді.
Ассамблеяның өзара түсінісушілік сұхбат алаңы халықтың зор қолдауына ие болды. Шынында да, ол ел саясатының басты тірегіне айналды. Осы жылдары бұл ұйым бейбітшілік пен келісім, кемел даму мен тұрақтылықты арқалаған, гүлдену мен табысқа қол жеткізуге асыққан тәжірибелі көшбасшының сенімді серігі бола алды.
Тұңғыш Президентті сайлау - бұл халықтың егеменді елі үшін, жарқын болашаққа деген алғашқы қадамдарының бірі. Президентімізді алғаш сайлаған күннен бастап, тәуелсіздігімізді жариялау, оның берік орнығуымен, өркендеуімен байланысты істелген шаралар ұшан-теңіз.
Жақында ғана Астана қаласының 2017 жылы мәртебелі халықаралық "ЕХРО" көрмесінің өтетін орны ретінде таңдалуы халыққа тағы да бір қуаныш алып келді. Астанада "ЕХРО-2017"-ні өткізудің өзі - экономикалық прогреске қарқын беретін тарихи оқиға. Өйткені көрме тақырыбы өте өзекті әрі сан қырлы. Бұл - біздің еліміздің әлемді жақсартуға талпынысы.
Қоғам өміріндегі достық қарым-қатынастар нығайтылып, республика азаматтарының тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы - ұлы тұлғаның игі істерінің жемісі деп білеміз. Еуропа мен Азия қиылысында орналасқан көпұлтты Жайық өңірінде жұртшылық осыны терең сезініп, жақсы біледі.
Н.Ә.Назарбаевтың жүзеге асқан идеялары мен жобалары әлемде жоғары бағаланды. Әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мемлекетті орнаттық. Бұл - қазіргі кезде бұлтартпас ақиқат. Бұл Елбасының әлемдік саясатта негізгі тұлға болғанын көрсетеді.
«Бұдан да басқа кеудеге мақтаныш сезімін ұялатып, жар сала айтатын жеңістер жеткілікті. Бұның бәрінің бастамасы Тұңғыш Президент күнінен басталады. Сондықтан бұл күнді мейрам етіп тойлау - ол да бір еліміздің тарихында еленбей келген маңызды күннің ортамызға оралуы деп білеміз, деп түйіндеді ойын Ғ.Қапақов.