Президент күніне орай 150-ден аса көлік полицейі марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шара өткізді. Оған департамент басшылығы мен жеке құрам және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Салтанатты шара департамент бастығы, полиция полковнигі Аманжол Қабыловтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол тәуелсіз еліміз - Қазақстанның бүгінгідей іргелі мемлекет болып қалыптасу, даму тарихындағы Тұңғыш Президенттің сіңірген ерен еңбегін ерекше атап өтті.
«Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының, асыл мұраттарға қол жеткізу жолындағы табанды мінезі мен қажырлылығының арқасында Қазақстан қазіргі күні мызғымас, ұлтаралық келісім орнаған бейбіт елге айналды. Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттардың бірі - елдегі тыныштықты, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау болып табылады. Бұл ретте ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайтуда барлық күш-жігердерін аямай, Елбасының алға қойған міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарып келеді»,- деді еліміздің бас көлік полицейі.
Сондай-ақ, А. Қабыловтің сөзінше, полицейлердің ең басты міндеттері болып қоғамға аса қауіп төндіретін лаңкестікке, ұйымдасқан қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы қарсы күрес жургізу болып қала береді. Бұған қоса республикамыздың стратегиялық маңызды нысандары болып саналатын әуе және темір жол көліктерінде қоғамдық тәртіпті нығайту, орын алған қылмыстарды ізін суытпай ашу, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу зор маңызға ие.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту ісінде өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарғаны үшін 150-ден аса көлік полицейлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері медалдарымен, ҚР ІІМ және Көліктегі ІІД басшысының грамоталарымен марапатталды.
Олардың қатарында үздік тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер мен анықтаушылар бар. Мәселен, полиция майоры Талғат Халықов «Қазақстан полициясына - 25 жыл» медалімен марапатталды. Ол ішкі істер органдарында 25 жылға жуық қызмет атқарып келеді. Алғашында қызметін техник-криминалист болып бастаған Т. Халықов бүгінде негізгі қызметтердің бірінде бөлімше бастығы.
Сондай-ақ полиция подполковнигі Думан Тұрғанбеков те ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері еңбек етуде. Бүгін ол құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «ҚР ІІМ-нің үздігі» медалін кеудесіне тақты.
Шара соңында департаменттің жеке құрамына Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы «Бітімгер миссиясы» фильмі көрсетілді.