Президент мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасын бекітті
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы: «адамға бағдарланған» «Ең алдымен адамдар» моделін құру» тұжырымдамасын жаңа редакцияда бекітті.

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі «халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына негізделеді. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы қағидаттарының сақталуы қамтамасыз етілетін болады.
Қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесінің негіз қалаушы қасиеттерін, маңызды сипаттамаларын көрсетеді және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруда, сондай-ақ мемлекеттік шешімдер қабылдауда бағдар ретінде қызмет етуге арналған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты - мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасауға және азаматтардың сындарлы сауалдарына жедел ден қоюға сайып келетін мемлекеттік басқарудың басымдылық етуші қағидаты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының басымдығы барлық әлеуметтік топтар мен азаматтық сектор субъектілерін қамтитын, азаматтардың проблемаларын тиімді шешуге және қоғамдық пікірді есепке алуға бағдарланған халықпен сындарлы диалогты орнықты қолдау болып табылады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі тиімді басқару ақпаратты таратудан немесе саясатты «жоғарыдан төменге» іске асырудан гөрі ауқымдырақ нәрсені қажет етеді деп болжайды. Ол кері байланысты, идеялар мен жұртшылық пікірлерін белсенді іздеудің маңыздылығын мойындайды. Мұны жұртшылықпен консультацияларды, сауалнамаларды, жалпы жиналыстарды, онлайн- форумдарды және басқа да қатысу тетіктерін қоса алғанда, әртүрлі құралдардың көмегімен жасауға болады.
Тиімді мемлекет қағидаты
Қағидаттың негізінде мемлекеттің қолда бар ресурстарын барынша тиімді пайдалана отырып, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жатыр. Сонымен бір мезгілде мемлекеттік басқару жүйесі мемлекеттік басқару институттары қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын өлшеуге мүмкіндік беруге тиіс.
Тиімділікті бағалау мемлекеттік басқарудың өнімділігін арттыруды қамтамасыз ету үшін ұдайы түрде жүргізілуге тиіс.
Есеп беретін мемлекет қағидаты
Бұл қағидат ақпараттық ашықтықты, қолжетімділікті, қоғамға есеп берушілікті қамтиды. Ол азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуына, сондай-ақ азаматтармен өзара іс-қимыл кезінде заманауи ақпараттық технологиялар мен жаңа коммуникациялар құралын кеңінен пайдалануға негізделеді.
Мемлекеттік органдардың ақпаратына қолжетімділікті сапа тұрғысынан арттыру және азаматтардың ақпаратқа құқықтарын қорғау тетіктерін оңайлату маңызды. Мемлекеттік басқару институттары үшін қоғамдық игілік жеке мүдделерден жоғары тұруға тиіс.
Азаматтардың үміттерін ескере отырып, сенімнің өсуі және барынша болжанатын саясат мемлекеттік басқару институттарының беріктігін нығайтуға ықпал етеді. Жоғары әдептілік стандарттарын сақтамай және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік танытпай, мемлекеттік басқару институттарына деген сенімді нығайту мүмкін емес.
«Заң және тәртіп» қағидаты.
Бұл қағидат мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы мен жұмыс істеуінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалып, елдегі заңдылық мен тәртіпті нығайтуға бағытталады.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халыққа қызмет көрсетуге баса назар аудара отырып, сервистік модельдің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылданып жатыр.
«Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысы халықтың құқықтық сауаттылығы деңгейін арттыруға, заңдар мен құқықтық нормаларды сақтауға бағдарланған тұрақты әдеттер мен мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталуға тиіс.
Заң мен әділдіктің сақталуын, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз ету маңызды.
Осы қағидатты іске асырудың негізгі тәсілдері Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамада бекітілген.
Кәсіби мемлекет қағидаты
Мемлекеттік аппаратта жоғары стандарттарға сәйкес келетін құзыреттер мен кадр әлеуетінің болуы мемлекеттік басқаруды сервистік бағдарланған модельге трансформациялаудың негізгі шарты болып табылады.
Бұл ретте өзгерістерге әзірлік барлық мемлекеттік органның күнделікті қызметінің аса маңызды қағидаты болуға тиіс. Бұл мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тұрақты, жүйелі тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдар проблемалардың жаңа және инновациялық шешімдерін іздестіруге, сондай-ақ қызмет көрсетудің заманауи әдістерін пайдалануға тиіс.
Бүгінде мемлекеттік органдарда халықпен сапалы өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін қажетті инфрақұрылым (мысалы, «е-Өтініш» АЖ, АҚО және басқалары) бар.
Алайда азаматтармен диалог құруға қабілетті, даярланған кадрлар болмаса, бұл инфрақұрылым стандартты емес жағдайларда тиісті нәтиже бере алмайды.
Осыған байланысты қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен трендтерді ескерсек, халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру мәселесі өзекті болып табылады.
Өңірлерде кадр ресурстарын нығайтуға, оның ішінде аудандық әкімдіктердің мемлекеттік қызметшілеріне арналған шараларға ерекше назар аудару қажет. Бұл жергілікті жерлерде кадр тапшылығын толықтыруға мүмкіндік береді, өңірлердің одан әрі өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді.
Заманауи, технологиялық және экономикалық жағынан озық елдің қалыптасуы үшін бұл ретте осы бағыттағы озық әлемдік стандарттармен үйлестіруді қамтамасыз ете отырып, білім мен инновацияға, адами капитал саласын дамытуға, цифрландыруға және жасанды интеллектке негізделу қажет.
Мемлекеттік органдар нейрондық желілердің мүмкіндіктерін зерделеуге тиіс, олардың негізінде болжамдар мен тәуекелдерді модельдеуге, мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық трансформациялауды белсенді түрде ілгерілетуге болады.
Прагматикалық мемлекет қағидаты
Мемлекеттік саясат пен реформаларды қалыптастыру және іске асыру, сондай-ақ шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік органдар өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлайды және болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін ескереді.
Барлық ілеспе тәуекелдерді назарға алу және экологиялық, құрылымдық, қаржылық, экономикалық немесе әлеуметтік бағыттағы мәселе болсын, оның сипатына қарамастан, ауыртпалықты болашақ ұрпаққа жүктемеу маңызды.
Осы қағидатқа сәйкес мемлекеттік шешімдер ғылыми зерттеу (объективтілік, қайталану, байқап көру) әдістеріне негізделген жеткілікті объективті дәлелдемелік база болған кезде ғана қабылданады.
Қаржы ресурстарын басқару ұтымдылық пен прагматизмнің тиісті деңгейімен, сондай-ақ барлық тәуекелдерді ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттік жоспарлар азаматтардың қатысуымен және олардың қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылуға тиіс.
Мемлекеттің үдемелі және орнықты дамуына, оның ішінде мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыру арқылы да қол жеткізілетін болады.
Тұжырымдаманың мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделін құруды көздейтін мақсаттарына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді іске асыру қажет:
- клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппаратты қалыптастыру;
- оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру;
- азаматтардың қажеттіліктері негізінде проактивті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге көшу;
- тиімді, оңтайлы және транспарентті квазимемлекеттік секторды қалыптастыру;
- жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру.
1-міндет. Клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппаратты қалыптастыру
1) халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысына жүйелі мониторинг пен талдау жасау.
2) бұқаралық ақпарат құралдарынан, үкіметтік емес ұйымдардан және халықтан келіп түсіп жатқан сауалдарға жедел ден қою.
3) мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылын күшейту.
4) ақпараттың ашықтығын және мемлекеттік органдар қызметінің проактивтілігін қамтамасыз ету.
2-міндет. Оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру
Мемлекеттік органдардың ретке келтірілген функциялары қоғамдық құндылықты құрудың толық басқарушылық циклі ретінде құрылатын болады, онда әрбір процесс халықтың қажеттілігі мен мұқтаждығына айқындаудан бастап мемлекеттік органның тиімділігін бағалауға және азаматтардың қанағаттануын өлшеуге дейінгі барлық базалық кезеңдерді қамтиды.
Бұған қоса:
1) мемлекеттік басқару деңгейлері;
2) деңгейлес орналасуы бойынша бір деңгейдегі мемлекеттік органдар;
3) мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдары;
4) алқалы органдар және мемлекеттік органдардың басшылары арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің аражігін институционалдық тұрғыдан дәл ажырату осы жұмыстың маңызды бағыты болады.
3-міндет. Азаматтардың қажеттіліктері негізінде проактивті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге көшу
Жүргізілетін қызмет мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Азаматтарға нақты жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндіретін және тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсететін виртуалды көмекшіні енгізу пысықталады.
Рәсімдерді одан әрі оңайлату және азаматтардың қанағаттанушылығын арттыру үшін бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
4-міндет. Тиімді, оңтайлы және транспарентті квазимемлекеттік секторды қалыптастыру
Қолданыстағы мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалау жетілдірілетін болады.
Бұған қоса квазимемлекеттік сектордың қызметіне күнделікті араласуға және ұйымның стратегиясына қайшы келетін міндеттерді күштеп таңуға жол бермейтін ЭЫДҰ-ның стандарттары бойынша квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын құруға көшу қажет.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің көп екенін ескере отырып, квазимемлекеттік сектор туралы барлық қажетті ақпараты бар, пайдаланушылар үшін ашық, қолжетімді және ыңғайлы бірыңғай ресурстың болуын қамтамасыз ету қажет.
Жалпы, квазимемлекеттік секторды жетілдіру жөніндегі жұмыс Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі талдамалық баяндаманың ережелеріне және экономиканы ырықтандыру жөніндегі шараларға сәйкес жүргізілетін болады.
5-міндет. Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру
Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жергілікті тұрғындармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау аса маңызды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың қызметін айтарлықтай жақсартады, сондай-ақ мемлекеттің азаматтармен өзара іс-қимыл деңгейін арттырады.
Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар аумақты дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жергілікті көліктік, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылым, базалық қызметтер көрсету мәселелері бойынша, оның ішінде фискалдық саясатты және өзгеше реттеуді пайдалану мүмкіндігі бар қажетті өкілеттіктер мен құралдар кешеніне не болады.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін орталық өңірлермен бірлесіп, шамадан тыс тәптіштеусіз "жоғары деңгей" индикаторларының шектеулі тізбесін қолдана отырып айқындайтын болады. Сонымен бір мезгілде жергілікті атқарушы органдар өздерінің даму бағдарламаларын құрылымы мен мазмұны жағынан қатаң шектемей әзірлейді.
Орталықсыздандыру саясатын жалғастыру мақсатында облыстық, аудандық (қалалық) және ауылдық басқару деңгейлері арасындағы өңірлік деңгейде өкілеттіктердің, жауапкершілік пен ресурстардың дұрыс теңгерімін қамтамасыз еткен жөн.
Ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар және ауылдық округтер деңгейінде толыққанды жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу ерекше маңызға ие.
2021 жылы ауыл әкімдерінен басталған тікелей сайлау елімізде демократиялық процестердің дамуына ықпал ете отырып, аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларды біртіндеп қамтуда.
Ауыл әкімдерін оқыту бағдарламасын іске асыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Оқыту бағдарламасы өңірдің мықты кадрлық негізі мен кадр резервін қалыптастыру үшін өңірлік орта буын басшыларына да арналатын болады.
Оқыту тәжірибелі лекторлар пулын тарта отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарының базасында тікелей ұйымдастырылады.
Оқытудың артықшылықтарының бірі - оның практикаға бағдарлануы, бұл алған білімдерін өз қызметінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту тетіктері Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жеке тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылуда.
Тұжырымдаманы іске асыру кезеңінде:
- мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру;
- мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыруды қамтамасыз ету;
- мемлекеттің сервистік моделін қалыптастыру мен енгізуді жалғастыру;
- тәуелсіз сауалнамалармен өлшенетін мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейін арттыру;
- азаматтардың орталық мемлекеттік органдар жүргізетін саясатқа қанағаттану деңгейін және халықтың мемлекеттік басқару институттарына сенім деңгейін арттыру жоспарланады.
Осыған дейін Қытай мен Қазақстанның тауар айналымы рекордтық 44 млрд долларға жеткені туралы жаздық.