Президент: Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндеу – мүлдем масқара жағдай
Орманшылардың отбасы мүшелерінің бірі жол туралы сұрады.
«Біздің Успенка ауылында ешқашан асфальт болған емес. Шағал жол ғана. Мұндағы адамдар асфальтты өмірінде көрмеген. Тіпті қазір өрт сөндіруге келгендердің көлігі де дұрыс жүре алмады. Жол жөндеңдер деп шағымдансақ, өтінішімізге құлақ асқан емес. Ылғи «қаржы жоқ» деп қайтарады. Ал қазір сіз келеді деген соң жолдарды жөндеп шықты, әдемілеп былай жамап қойған. Қараңызшы», - деді ол.
«Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл – мүлдем масқара жағдай. Мен бұл туралы оқыдым, білемін. Кінәлілер жазаланады», - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Абай облысының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасаған еді.
Ведомствоның айтуынша, «Бородулиха-Жерновка-Поллог» жолында көлік құралдарының, оның ішінде құтқару қызметі мен волонтерлердің қозғалыс қарқыны артқан. Осыған байланысты өрт сөндіру штабына келіп-кететін автомобиль ағынын ескеріп, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және жүру бөлігін шаңнан арылту мақсатында жолдағы шұңқырлар уақытша бітелген.