Президент: Түркістанға ықыласым ерекше
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі — Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын.
Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан — түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы.
Бұл — халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы — шежірелі шаһардың рухани қазынасы.
Әзірет Сұлтан кесенесі — түркі әлемінің берекелі тұтастығының символы. Төл тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз осы жерде мәңгілік мекенін тапқан, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған еді.