Президент: Орталық Азия елдерінің халқына визалық рәсімдерді жеңілдеткен дұрыс

АCТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай туристік маршрут әзірлеу, виза рәсімдерін жеңілдету. Мемлекет басшысы Жапониямен туризм саласындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттарын атады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

виза
Фото: montsame

Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдени мұрасы бай, табиғаты әсем. Бұл жапон туристерін қызықтырары сөзсіз. Қазақстан Жапониямен туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

- Жапониялық туристер үшін Орта Азияның бірыңғай туристік маршрутын әзірлеген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің халқына визалық рәсімдерді жеңілдеткен дұрыс. Бұл жапондық туристердің бір сапарда бірнеше елді аралап шығуына мүмкіндік береді. Ал біздің азаматтарымыз Күншығыс елімен етене таныса алады. Жапонияны Осака қаласында ЭКСПО 2025 көрмесін табысты өткізуімен тағы да құттықтаймын. «Көрме тақырыбын жан-жақты көрсету» номинациясы бойынша алтын жүлде иеленгендеріңізге қуаныштымыз, - деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын өткізу құрметіне ие болғанын айтты.

- Біз спорт саласындағы ықпалдастықты өркендетуге, ең әуелі жапонның дзюдо, сумо және кэндо секілді дәстүрлі жекпе-жек өнер түрлерін дәріптеуге әзірміз. Қазақстан 2027 жылы дзюдодан 2лем чемпионатын өткізу құрметіне ие болды. Бұрнағы күні мен қазақтан шыққан белгілі сумошы Кимбозан Харукимен (Ерсін Балтағұл) таныстым. Тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз алдағы уақытта да халықтарымыз арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға қызмет ете береді деп сенемін, - деді Президент.

Саммитте Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар