Президент Орталық Азия мен Италия бизнесмендеріне арналған диалог алаңын қосуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда итальяндық сауда үйін ашу керек. Бұл туралы елордада «Орталық Азия — Италия» саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

— Сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдеріміз арасындағы тауар айналымының кеңеюіне елеулі серпін бере алар еді. Осы орайда Алматыда Италия сауда үйін құру ұсынылады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгінгі саммитке қатысып отырған елдердің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға қатысты ұсыныс айтты. Бұл ретте, B5 (бизнесмендер)+ Италия диалог платформасын іске қосқан жөн.
— Мұндай форматтағы алғашқы кездесуді Қазақстанда өткізуге болады, — деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Айтулы іс-шараға құрметті меймандардан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.